Автор: Жаксы БАЛА | Категория: Пайғамбарлар парасаты | Просмотров: 4244
Печать

Әзірейілді таңғалдырғанХақ Тағала әу бастан әрбір пендесінің қай уақытта және қай жерде өлетінін жазмышқа жазып қойған. Сол себепті адамның ажалы жеткен сәтте сол жаны шығатын мекенге барып өледі. Бір елдің атақты бір актері өмір бақи ұшаққа мінуден қорқады. Жасы елуден асқан шақта бір күні амалсыз шақырылған жерге жедел бару үшін ұшаққа мінеді. Ұшақ қозғала бастағанда әлгі әртіс кенеттен көз жұмып, жантәсілім етеді... 

Осыған ұқсас бір оқиға хазіреті Сүлеймен заманында да болады. Бір күні бір адам хазіреті Сүлеймен патшаға жүгіріп келеді. Жүзі қуарып, бүкіл денесі дірілдеп қатты қорқып тұрды. Бұны көрген Сүлеймен пайғамбар: «Саған не болды, өңің қуарып кетіпті ғой?»,- деп сұрайды.

Әлгі адам үрейден әлі арыла алмаған кейіпте қалтырап: «Әзірейілді көрдім. Маған бір түрлі суық қарады. Оның сол түрін көріп қатты қорықтым. Сізден көмек сұрағалы келдім», - дейді істің мән-жайын түсіндіріп. Хазіреті Сүлеймен: «Онда менен не сұрайсың? Сен үшін қолымнан не келеді?», - дегенде, әлгі адам: «Патшам! Хақ Тағала саған ұшқыр желді бағындырды. Ендеше желге бұйрық бер. Мені Үндістанға апарып тастасын. Мүмкін сол жерге кетсем Әзірейілдің қармағынан құтылармын»,- деп жалынады. Хазіреті Сүлеймен желге әмір етіп, ол адамды Үндістандағы бір аралға апарып тастайды. Ертеңіне хазіреті Сүлеймен халықты қабылдай бастаған уақытта Әзірейіл кіріп келеді. Сүлеймен пайғамбар оған: «Кеше маған бір адам келіп, сенің оған суық қарағаныңды айтты. Мұның мәнісін не?»,- дейді. Сонда Әзірейіл былай деп жауап береді: «Патша! Мен ол адамға суық кейіппен қарағаным жоқ. Оны көрген кезде қатты таңдандым. Өйткені Аллаһ Тағала маған: «Пәленше деген құлымның жанын Үндістанда ал!» деп әмір берген еді. Ал айтылған адамды осы жерде көргенде қатты таңырқадым. Ішімнен мына адамның жүз қанаты болса да аз уақытта Үндістанға жете алмас» деп ойладым. Сондықтан да оның жүзіне таңырқай қарап не істерімді білмей қалған едім. Бірақ аздан соң оның ақтық сағаты келген кезде Аллаһ Тағаланың әмірі бойынша Үндістандағы оның жанын алатын жерге бардым. Бірақ сол жерде тағы да әлгі адамның жүргенін көріп таңғалдым. Артынша ажалы жетіп, оның жанын алдым»,- дейді.
Иә, әркімнің қашан және қай жерде өлетіні о баста-ақ жазмышта жазылған. Алайда бұл пендеге беймәлім. Сондықтан жер шарының қай жерінде, қанша жасында өлетіні беймәлім адам баласының әрқашан өлімге әзірлік жасағаны абзал.