Автор: Жаксы БАЛА | Категория: Нәпіл намаздар | Просмотров: 12419
Печать

Құран жаттау намазыБұл намазға байланысты хадис

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Бірде Расулалланың (с.а.с.) жанында отыр едік, Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) келді де Расулаллаға (с.а.с) бұрылып: «Уа, Расулалла! Әкем жолыңда садаға кетсін! Мына жаттаған Құран кеудемнен шығып кете береді. Оны ұстап тұруға күшім жетпей, не істерімді білмеймін», — деп шағынды. Сонда Расулалла (с.а.с.) оған былай деді: «Уа, Хасанның әкесі! Алла Тағаланың әмірімен саған пайда келтіретін сөздерді үйретейін бе? Алла олар арқылы сенің үйренген нәрселеріңе пайда беріп, үйренгеніңді кеудеңе нықтайтын болады». Әли: «Иә, үйретші, Расулалла!», — деді. Расулалла (с.а.с.) былай деді:

«Жұма түні болған кезде (бейсенбіден жұмаға қараған түні) тұра алсаң түннің соңғы үштен бір бөлігінде тұр. Онда (періштелер) куә болатын бір сағат бар. Ол кезде тіленген дұға қабыл болады. Бауырым Жақып пайғамбар ұлдарына: «Сендерге Раббымнан жарылқау тілейтін боламын» демеп пе еді? Бұл жұма күнінің кеші болғанда дегені. Ал егер олай ете алмасаң түннің ортасында тұр. Ортасында да тұра алмасаң түннің алғашқы бөлігінде тұр. Төрт рәкағат намаз оқы. Бірінші рәкағатында Фатиха сүресі мен Ясин сүресін, екінші рәкағатында Фатиха мен Духан сүресін, үшінші рәкағатында Фатиха мен Сәжде сүресін, ал төртінші рәкағатында Фатиха мен Тәбәрак сүресін оқы. Тәшәһудті оқып болған соң Аллаға жақсылап мақтау-мадақ, маған және барлық пайғамбарларға салауат айт. Иман келтірген ерлер мен әйелдерге, өмірден озып кеткен барлық имандыларға жарылқау тіле. Сонан соң: «Уа, Алла! Өзің тірі қалдырған шағымда мәңгілік асылық пен күнәны тастауыма рахым еткейсің. Өзіме қатыссыз нәрсемен әуре болмауыма рахым еткейсің. Өзің разы болған нәрселерге қарауды нәсіп еткейсің. Уа, Алла! Аспандар мен жерлерді көркем түрде Жаратушы! Ұлылық пен аса жомарттықтың, қол жетпейтін даңқтың Иесі! Уа, Алла! Уа, Рахман! Өзіңнің ұлылығыңмен және нұрыңмен сұраймын! Өзіңнің Кітабыңды қалай үйретсең, солай оны жүрегіме орнықтыра көр. Оны Өзің разы болатын түрде оқуымды нәсіп еткейсің. Уа, Алла! Аспандар мен жерлерді көркем түрде Жаратушы! Ұлылық пен аса жомарттықтың, қол жетпейтін даңқтың Иесі! Уа, Алла! Уа, Рахман! Өзіңнің ұлылығыңмен және нұрыңмен сұраймын! Кітабың арқылы жанарымды нұрландыра гөр, тілімді жатық ете гөр, жүрегімді тазарта гөр, кеудемді кең етіп, тәнімді тазарта гөр. Шынында ақиқатқа жетуге маған Өзіңнен өзге ешкім көмектесе алмайды. Және оны Өзіңнен басқа ешкім де әкеле алмайды. Биік әрі Ұлық Алладан басқа ешбір күш те, қуат та жоқ», — деп айт. Уа, Хасанның әкесі! Осыны үш, не бес, не жеті жүма бойы орындасаң, Алланың қалауымен тілегің қабыл болады. Мені ақиқатпен жібергеннің атымен ант етейін, мүмін пенде ешқашан да қателеспейді». Ибн Аббас айтады: «Уаллаһи, бес, әлде жеті аптадан соң Әли Расулалланың (с.а.с.) мәжілісіне келіп: «Уа, Расулалла! Мен бұрын төрт аят жаттасам да есімнен шығып кете беретін. Ал енді бұл күндері мен қырық аятқа дейін жаттап, кейіннен оқып көрсем, құдды Алланың Кітабы көз алдымда тұрғандай сайрап сала береді. Бұрын естіген хадисімді қайта есіме түсірсем де жадымда ештеңе қалмаушы еді. Ал қазір естіген хадистерімді қайта әңгімелеп берсем, бір әрпінен де қателеспейтін болдым», — деді қуанып. Сонда Расулалла (с.а.с.): «Қағбаның Иесімен ант етейін, Хасанның әкесі, сен нағыз мүмінсің», — деді». (Бұл хадисті Термези мен Хаким риуаят еткен).

 

0қылу уақыты және рәкағат

Пайғамбарымыздың (с.а.с.)хадисінде анықтап айтып өткеніндей бұл нәпіл намазы жұманың түні, яғни бейсенбіден жұмаға қараған түні оқылады. Түннің соңғы жартысында оқыған абзал. Ал егер ол уақытта тұра алмаса, түн жарымында, болмаса түннің алғашқы бөлігінде оқыса да болады. Аталмыш хадисте айтылғандай бұл намаздың рәкағат саны төртеу.

 

Бұл намазда оқылатын дұға

Жоғарыдағы хадистегі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Әлиге (р.а.) өсиет еткен дұғасының арабша мәтіні мен оқылу үлгісі мынадай.

Оқылуы: «Аллаһуммархамни битәркил-мәъәси әбәдән мә әбқайтәни, уархамни ән әтәкәлләфә мә лә йәънини, уарзуқни хуснан-назари фима йурдикә ъәнни. Аллаһумма бә-диъәс-сәмәуәти уал-ард зәл-жәләли уал-икрам уал-ъиззәтилләти лә турам, әс'әлукә йа аллаһ, йя рахман бижәләликә уа нури уажһикә ән тулзимә қалби хифза китәбикә кәмә ъәлләмтәни уарзуқни ән әтлуәһу ъәлән-нәхуилләзи йурдикә ъәнни. Аллаһумма бәдиъәс-сәмәуәти уал-ард зәл-жәләли уал-икрам уал-ъиззәтилләти лә турам, әс’әлукә йа аллаһ, йа рахман бижәләликә уа нури уажһикә ән тунәууира бикитәбикә басари, уа ән тутлиқа биһи лисәни, уа ән туфаррижә биһи ъан қалби, ән ташраха биһи садри, уа ән тағсилә биһи бәдәни, фа'иннәһу лә йуъинуни ъәләл-хаққи ғайрук, уә лә йу’тиниһи иллә әнтә, уа лә хәулә уа лә қууатә иллә билләһил-ъалийул-ъазим».

Бұл дұғаны хадисте айтылғандай төрт рәкағат нәпіл намаздың соңғы отырысында тәшәһуд, Аллаға мадақ, пайғамбарларға салауат пен мүміндерге истиғфар дұғаларын оқыған соң оқу керек.