Автор: Жаксы БАЛА | Категория: Құрандағы қиссалар | Просмотров: 12785
Печать

adam-ata-men-haua-anaАлла Тағала осынау шетсіз-шексіз ғаламды, Өзінің әміріне бойсұнып, бұйрығын бұлжытпай орындайтын періштелерді жаратты. Ғалам мен жерді жаратқан соң жер бетіне тіршілік етуге лайықты жағдайлар жасады. Өйткені Жаратушы өзінің даналығымен жер бетін қоныс ететін жаратылыс иесін пайда қылуды қалады.


Алла жердің топырағынан аз мөлшерде алып, оны жұмсақ балшыққа айналдырды. Содан соң одан адамды жасап шығарды. Оған өзінің рухын үрледі. Осылайша адамзаттың атасы - Адам ата өте көрікті, келбетті бейнеде жаратылды. Алла Тағала періштелерге: «Мен жер бетінде бір орынбасар жаратпақшымын», - деді. Сонда олар: «Уа, Иеміз! Сонда қалай оның үстінде бұзықтық жасап, қан төгетін біреуді жасамақшысың ба? Ал, біз ғой, өзіңді дәріптеп, ұлықтаймыз» - деп уайым қылды. Алла Тағала оларға: «Мен сендердің білмегендеріңді білемін», - деді. Сөйтіп, Алла Тағала осы жаңа жаратылыс - Адамның абыройының асып, мерейінің үстем болуын қалады. Оған барлық жаратылған заттардың атауларын үйретті. Сосын Алла Тағала періштелерін сынамақ болып: «Мына заттардың аттарын білетін болсаңдар айтыңдар?» - деді. Періштелері болса: «Уа, Раббымыз! Сен барлық кемшіліктен пәксің. Біз Өзіңнің үйреткен нәрселеріңнен өзге еш нәрсе білмейміз. Анығында Сен өте білгірсің әрі данасың», - деп уәж айтты. Алла Тағала сонда Адамға: «Уа, Адам! Онда бұлардың аттарын сен айтып бер», - деп бұйырды. Сонда Адам әлгі заттардың барлығының аттарын бір-бірлеп айтып шықты. Сосын Алла Тағала періштелеріне: «Мен сендерге көктер мен жердің ғайып істерін білемін деп айтпап па едім? Сендердің жария әрі жасырын нәрселеріңді де білемін», - деді. Осыдан соң періштелеріне Адамға сәжде етуге бұйырды. Періштелердің барлығы да Алланың әміріне бағынып, Адамға құрмет ретінде сәжде қылысты. Тек Ібіліс қана тәкаппарланып, сәжде етпеді. Алла одан: «Қолыммен жаратқанға сәжде етпеуіңе не себеп болды? Тәкәппарлық таныттың ба, әлде өзіңді биікпін деп санап тұрсың ба?» - деп сұрады. Сонда Ібіліс басын кекжитіп: «Ешқашан адамзатқа сәжде қылмаймын. Өйткені мен одан артықпын. Мені оттан жаратқансың. Ал оны топырақтан жараттың», - деді. Алла оның мұнысына қатты ашуланып, жаза ретінде оны кең мейірім-шапағатының шеңберінен шығарды. Адамды осы Ібілістің ізіне еріп, азғыруына түсіп қалудан қатты сақтандырды.

Жаратушы Хақ Тағала Адамға деген нығметтерін кемеліне жеткізді. Жұбайы Хауа ана екеуіне пейіштің төрінен мәртебелі орын берді... Содан соң: «Жұмақтағы жандарыңа қалаған нәрселерден жеңдер. Бірақ мына ағашқа жақындамаңдар. Оның жемісінен жемеңдер», - деп тыйым салынған ағашты анықтап көрсетті.
Шайтандардың атасы Ібіліс Адам ата мен Хауа ананың осындай биік қошеметке ие болғандарына қатты күйініп, қызғаныштан іші қыз-қыз қайнады. Өйткені оның өзі Жаратушының әміріне мойынсұнбағаны себепті Оның рахымынан қағылып, періштелерінің ілтипатынан да айрылған еді. Осының барлығы өзінің қателігі емес, Адам ата мен Хауа ананың кесірі деп білді. Сондықтан да олардың мамыражай, қаперсіз тіршіліктерін қалай да бұзуды ойлады. Тыйым салынған жеміс туралы екеуін азғыруға бел байлады. Адамға барып: «Уа, Адам! Мен саған мәңгі-бақи қызықты өмірге, мәңгілік билікке жеткізетін бір ағашты көрсетейін бе? Ол ағаш мынау тұр», - деді Алла Тағала тыйым салған ағашты көрсетіп. Адам ата ағашқа қарады. Қарады да Раббысының сөзін есіне алды. Ағашқа жақындаудан бас тартты. Жұбайы Хауаны ертіп, Ібілістің жанынан аулақ жерге кетіп қалды. Ібіліс өзінің Адамды азғыра алмағанына бұлқан-талқан болып ашуланды. Бірақ тағы да әрекет жасау керек деп шешті. Ол Адам мен Хауаның жанына жақындап барды да: «Уа, Адам! Уа, Хауа! Мен сендерге тек жақсылықты қалаймын. Сен екеуіңе шын ниетіммен жақсы ұсыныс айтып тұрмын. Мына ағаштың жемісінен дәм татыңдар. Сонда мәңгілік бақытқа кенеліп, шексіз билікке қол жеткізесіңдер», - деді мүләйімсіген түрмен.
Адам Ібілістің сөзіне сеніп, алдауына түсіп қалды. Раббысының айтқан тыйымдарын, ескертулерін есінен шығарды. Тыйым салынған ағаштың жемісін үзіп алып, жеп көрді. Сол-ақ екен, екеуінің үстеріндегі жәннат болған киімдері сыпырылып шешіліп, денелері жалаңаштанып қалды. Екеуі бір-біріне қарады. Орны толмас ағаттық іс істеп қойғандықтарын енді сезінді. Жүздері ұяттан оттай жанды. Жалма-жан жәннат ағаштарының жапырақтарымен денелерін жаба бастады.
Осылайша Адам ата мен Хауа ана күнәлы істеріне қатты күйініп, жапырақтармен денелерін жауып, қайғырып, жұмақтың бағында үнсіз келе жатты. Адам Раббысына не деп ақталмақ? Күнәсі үшін қалай кешірім сұрайды? Екеуін осындай сұрақтар мазалады.
Кенет Раббылары оларға көктен тіл қатты. «Екеуіңе сол ағашқа жоламаңдар деп айтпап па едім? Ібіліс шайтанның сендерге анық дұшпан екендігін ескертпеп пе едім?!» - деп қатты жазғырды.
Сонда Адам мен Хауа жалынышты әрі пұшайман күйде: «Уа, Раббымыз! Шынында да біз өзімізге зор зұлымдық жасадық. Егер Өзің бізді кешіріп, рахымыңа бөлемесең, біз нағыз құрып бітушілерден боламыз», - деп қатты өкінішпен жалбарынды. Алла Тағала: «Барлығың да жәннаттан жерге түсіңдер. Енді бұдан былай сендер - адамзат пен жын бір-бірлеріңе дұшпансыңдар», - деп әмір етті.


Қиссаның Құран Кәрімдегі нұсқасы


Алла Тағала былай деген: «Сол уақытта Раббың періштелерге: «Мен жерде бір орынбасар жаратамын», - деген болатын. (Періштелер) «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреуді жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтап, қастерлейміз», - десті (30). Алла адамға барлық атауларды үйретті. Сосын оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарын рас болса, Маған мына нәрселердің атауларын айтып беріңдер», - деді (31). Періштелер: «Сен пәксің! Бізде Өзің үйреткеннен басқа білім жоқ. Шынында Сен толық білуші әрі өте данасың», - деді (32). Алла: «Әй, Адам! Оларға аналардың аттарын баянда», - деді. Ол (Адам) оларға сол заттардың аттарын атап берген соң Алла періштелерге: «Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің жарияларыңды да, жасырғандарыңды да білемін деп айтпап па едім?» - деді (33). Періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дегенімізде олар дереу сәжде қылды. Тек Ібіліс бас тартып, тәкаппарланып, кәпірлерден болды (34). «Әй, Адам! Жұбайыңмен бірге жәннатта тұрыңдар. Қалаған жерлеріңде қалаған нәрселеріңнен жеңдер, бірақ; мына ағашқа жоламаңдар. Олай етсеңдер бұзақылардан боласыңдар», - дедік (35). Шайтан екеуін ол жөнінде қателестірді. Сөйтіп, оларды бұрынғы жағдайларынан шығарды. Сонда біз оларға: «Бір-бірлеріңе дұшпан болып түсіңдер. Сендер үшін жерде тұрақ пен белгілі уақытқа дейін қолдану бар», - дедік (36). Сонда Адам Раббысынан сөздер үйренді (де жалбарынды). Ол (Раббысы) оның тәубесін қабыл алды. Өйткені Ол тәубені қабыл алушы әрі ерекше мейірімді (37)». (Бақара сүресі, 30- 37-аяттар).

Аударған: С. Ибадуллаев

Пікірлер  

 
Фахриддинова Фазилат 21.04.2015 21:33
Дін- адамды туырлық пен әдемілікке жеткізетін жол. Адамшылыққа жеткізетін жарық. Әр қайссымыз АЛЛАХТЫҢ ақ жолынан таймай,жалғыз жаратушының барын ұмытпайық. Баршамызға жалғыз АЛЛА жар болсын.
Жауап беру | Негізге алып жауап беру |
 
 
самал 13.04.2016 13:54
дін туралы осындай әңгімелерді естігенді оқығанды жақсы көрем барлық адамзат қауымы оқып көңілдеріне кішкентайда болса иман ұялатса ғой бірақ көп адамдар ібілістің айтқанына көніп түзу жолдан тайып жатқандарын білмейді соған менің ішім ауырад кешеде бір 25 жасар әйел қаладан автобуспен бірге келдік ащы су ұрттап алған, түрінен сондай бір ішіне кіріп алғанын сездім жынның арбауын түсіп кеткен есімізді шығарып келді айқайлап сөйлеп ұят екен ер адамдарда ештене аита алмаи карап отырды менің карама карсы алдыма аяғын созып жіберіп жата отырган соң мен шыдай алмаи ұрсып жібердім содан соң бәрі үлкен адамдар маған қосылып оған ақылдарын аитып ұрысты жынның осылай жамандыққа жетелеп жүргенін өзіде білмеи адасып жүрсол әйел ұят қарауға
Жауап беру | Негізге алып жауап беру |
 
 
Aidar 23.05.2016 09:59
оте тамаша кисса екен
Жауап беру | Негізге алып жауап беру |
 
 
Нұрислам 23.11.2016 21:24
Алла туралы мәліметтер алғым келеді
Жауап беру | Негізге алып жауап беру |
 

Бізге жазылыңыз

Ғибратнама инстаграмда!

Соңғы пікірлер

Статистика

3304056
Бүгін
Кеше
Осы аптада
Осы айда
Өткен айда
Барлығы:
667
368
1441
1907
17911
3304056