Осылайша Адам ата, Хауа ана және Ібіліс жерге түсірілді. Адам жер бетіне түскеннен бастап жерді игеріп, тіршілік жасаудың қамына кірісті. Ал жұбайы Хауа болса отбасында балаларын тәрбиеледі. Ол қос-қостан екі егіз туды. Екі егіздің біреуі ұл, ал екіншісі қыз болатын. Уақыт өте келе ұлдар ер жетті, қыздар бой жетті. Адам ұлдары мен қыздарын бір-бірлеріне қосып, ұрпағын көбейтуді ойлады.
Сондықтан бірінші егіздің ұлын екінші егіздің қызына және екінші егіздің ұлын бірінші егіздің қызына үйлендіруге шешім қабылдады. Адамзат тарихындағы алғашқы отбасылар осы қағида бойынша құралып, ұрпақ көбейетін болды.
Алайда екі ұлдың бірі Қабыл өзімен бірге туған егізіне үйленгенді қалайтын. Өйткені оның сыңары інісі Абылдың егізіне қарағанда әлдеқайда көрікті, сұлу болатын. Бірақ та әкесі Адам өз шешімін өзгертпеді. Қағида бойынша Қабыл Абылдың егізіне үйленуі шарт. Бірақ Қабыл нағыз тоңмойынның өзі еді. Ол інісінің егізіне үйленуден үзілді-кесілді бас тартты. Мұның арты үлкен дау-дамайға айналып, алғашқы отбасының шаңырағы ортасына түсетіндей қауіп орнады. Адам ата бұл мәселенің дұрыс шешімін қалай табуға болатындығы туралы қатты ойланды. Жаратушы Алла Тағаладан туралықты, осынау тығырықтан шығар жолды сұрап жалбарынды. Сонда Алла Тағала Адамға оның екі ұлының құрбандық шалулары керектігін уахи етті. Аллаға жақындау мақсатында Қабыл өзі еккен егінінен, ал Абыл өзі бағып жүрген қойынан құрбандық берулері және Алла кімнің құрбандығын қабыл алса, сол ең көрікті қызға үйленуі тиіс болды.
Айтылған шарт бойынша ағайынды Абыл мен Қабыл құрбандыққа өз еншілерін әкеліп қояды. Алла Тағала Абылдың құрбандығын қабыл алып, Қабылдың қабыл алмайды. Осылайша даудың шешімі табылады. Абыл Қабылдың сыңарына үйленетін болып шешіледі. Бұл шешімге разы болмаған Қабыл бұрқан-тарқан болып ашуланады. Жүрегінде бауырына қарсы өшпенділік оты лаулайды. Сол-ақ екен оны шайтан билеп алады. Бауыры Абылға жетіп барып: «Мен сені өлтіремін! Сені өлтіремін!» - деп айқайлайды. Ал, Абыл болса еш қобалжымастан: «Уа, бауырым! Алла ізгілердің амалын қабыл алады. Егер мені өлтірмек болып маған қарсы күш қолдансаң да мен саған қарсы келмеймін. Өйткені мен әлемдердің иесі Алладан қорқамын. Сенің өз күнәларыңмен бірге менің күнәларымды да арқалап тозаққа түсушілердің қатарынан болуыңды қалаймын. Залымдардың жазасы солай», - деді,
Абыл күш-жігері мол, өте қайратты жігіт болатын. Соған қарамастан ол қара күшіне емес, ақылына жүгінді. Себебі ол Алланың қаһарына ұшыраудан қатты қорқатын еді.
Бірақ Қабыл алған бетінен қайтпады. Ашу мен ызаға булығып, дүлей мінез көрсетті. Көздеген мақсатына жету жолында ештеңеден де тайынбайтындығын білдірді.
- Залымдардың жазасы дейсің бе?! Сонда сен мені тозаққа түсетін залымдардың қатарына қосып тұрғаның ғой, ә?! Ендеше сол залымға айналып сені өлтірейін! - деді ол долданып.
Осылайша ол ақылынан алжасты. Қолындағы темірімен інісін қатты салып кеп жіберді. Абыл жерге құлап түсті. Оның денесінен қан сорғалап ағып жатты. Сонда ғана Қабыл ұйқыдан оянғандай болды. Жүресінен отыра қалып Абылдың денесін құшақтады. Бірақ одан тіршіліктің ешбір нышаны байқалмады. Қозғалмады, сөйлемеді. Сұрағына да жауап бермеді. Сонда ғана ол өзінің орын толмас өкінішті іс істегенін түсініп, аһ ұрды. Бар даусымен өкіріп жылап жіберді. Оның даусынан бүкіл әлем дүр сілкінгендей болды. Даусының жаңғырығы шартарапқа тарады. Жаратушы Хақ Тағала мұның бәрін білді. Қабылдың ащы айқайы өзекті өртер өкініштің даусы болатын. Ол құдды жынданған адамдай әрлі-берлі жүгіріп, ойбайлаумен болды. Енді не істемек?! Жан дегенде жалғыз бауырын өз қолымен жер жастандырды.
Осылайша Қабыл есеңгіреген қалыпта не істерін білмей дал болды. Бауырының денесін қалдырып кете бере ме, әлде не істеуі керек? Оның денесінен қалай құтылмақ? Жардан лақтырып жіберуі керек пе? Жо-жоқ. Олай етсе оның денесі аң-құсқа жем болып, қор болады. Шақшадай басы шарадай болды. Ақырында ол бүкіл кеудесі өкініш пен күйінішке, қайғы мен қасіретке толып, бауырының жансыз денесін арқалап, алға қарай жүре берді, жүре берді. Қанша жүргені есінде жоқ, бір мезетте жан-жағына қараса, кеш батып барады екен. Тағы бірде таң атып келеді екен. Бір уақытта арқасындағы бауырының мүрдесі бұзылып, өте жағымсыз иіс шыға бастады. Қабыл тағы да не істерін білмей дал болды. Сол кезде Алла Тағаладан жарылқау, кешірім сұрады. «Уа, Раббым! Енді не істеймін?» - деп дұға етті. Ұзақ жүріс пен шарасыздықтан әбден шаршап жерге отыра кетті. Сөйтіп отырғанда жақын маңға бір жемге таласқан екі қарға ұшып келді. Қабыл олардан көзін алмай қарап отырды. Екі қарға аз ғана жем үшін таласып, бірін-бірі қанаттарымен ұрғылап, аяқтарымен тепкілеп, тұмсықтарымен шоқи бастады. Бір кезде бірі тұмсығымен екіншісін қатты ұрып қалып еді, ол құлап түсті. Сол арада сеспей қатып, жан тәсілім етті. Тірі қалған қарға өлген досының денесін айналып әрі- бері жүрді. Оның жансыз денесін олай-бұлай аударып көрді. Сырттай қарағанда бұл қарға досының өліміне қайғырып жүргендей көрінді. Ақырында ол тырнақты аяқтарымен жер тырмалап кішкене шұңқыр қазды. Оған өлген жолдасының денесін итеріп тастады. Сосын оның үстіне топырақ тастап кемді. Ісін бітірген соң аз-маз тұрды да, қанаттарын қағып, ұшып кетті.
Осы оқиғаға куә болған Қабыл өзінің ісіне қатты налыды. Өзінің бауырына қарсы істеген қылмысын есіне түсірді. Құдды мына екі қарғаның мысалындай ғой. Жанындағы бауырының мүрдесіне қарап отырып ағыл-тегіл жылады. «Бұл неткен қасірет! Тым болмаса өзімнің бауырымның денесін мына қарға құрлы жасыра алмадым-ау», - деп қайғы жеді. Содан соң шұңқыр қазып, бауырын сонда жерледі. Жерлеп болған соң қатты қайғырып тоқтаусыз жылады. Осыдан кейін тәлтіректеген күйі үйіне қарай жолға шықты.
Қиссаның Құран Кәрімдегі нұсқасы
Алла Тағала былай деген: «Оларға Адамның екі ұлының әңгімесін шынайы түрде оқы. Сол уақытта ол екеуі (Аллаға жақындық үшін) құрбан шалған еді. Олардың біреуінен қабыл алынды да, екіншісінен қабыл алынбады. Ол (Қабыл) «Мен сені сөзсіз өлтіремін», - деді. Ол (Абыл): «Алла тақуалардың құрбанын қабыл етеді», - деді (27). «Сен мені өлтіру үшін қолыңды созсаң да, мен сені өлтіру үшін қол созбаймын. Шынында мен әлемдердің Иесі Алладан қорқамын» (28). «Мен сенің өзіңнің күнәң мен менің күнәмды жүктеп, тозақтықтардан болуыңды қалаймын. Сол залымдардың жазасы» (29). Сонда оның нәпсісі бауырын өлтіруге итермеледі де, оны өлтірді. Сөйтіп, сорлылардан болып қалды (30). Алла оған бауырының өлігін қалай жасыруды көрсету үшін қарғаны жіберді де, ол жерді қаза бастады. (Қабыл) «Неткен қасірет! Бауырымның өлігін көму үшін мына қарға құрлы бола алмағаным ба?» - деп өкінушілерден болды (31)». (Мәида сүресі, 27-31- аяттар).
Аударған: С. Ибадуллаев
Пікірлер