Абдулла ибн Мүбәрак былай әңгімелейді: “Меккеде болған уақытымда құрғақшылық көп уақытқа созылды. Халықтың үлкен-кішісі қалмай жаппай истисқа (Алла Тағаладан жаңбыр сұрап, намаз оқу) намазын оқуға шықты өйткені бұл жағдай жалғаса берсе меккеліктердің егіні мен малына үлкен зардабы тиері анық еді.
Мен Шәйба әулетінің есігі алдында тұрған болатынмын. Сол уақытта бір қара құл шыға келді. Иығына асқан екі қапшығы бар. Оларды жерге қойып, өзі кісі көзінен таса жерге жайғасты. Мен оған жақындадым, бірақ ол мені байқамады.
Оның бірдеңелерді айтып, сыбырлап отырғанын көріп құлақ түргенімде оның Алла Тағалаға адамдардың қажеті үшін тап осы сағатта нөсер жаудыруын сұрап, дұға етіп отырғанын естідім. Айналасындағы тіршілік атаулыны ұмытып, Алла Тағалаға жан-тәнімен жалбарынып отыр. Осыдан кейін аз уақыттан соң аспанды бұлт қаптап, ақ жауын төкті. Әлгі қара құл отырған орнынан қозғалмаған күйі Раббысын дәріптеп, оған шүкіршілік етті де, орнынан тұрып келген ізімен кері қайтты. Мен оның соңынан еріп отырдым да, қай үйге кіргенін, кімнің құлы екенін білдім. Ертеңіне сол үйге қайта келіп, үй қожайынынан өзіме таныс кешегі құлды сатып алдым. Үй иесі Меккедегі тақуа адамдардың бірі еді. Ол маған құлды сатып тұрып: “Бұл құл қолымен еңбек етіп тапқан асын ғана жейді. Егер еңбегінен ризық таппаса, сол күні ештеңе жемей аш күйінде жатады. Қызметшілерімнің айтуынша, ол түнде ұйықтамай, Жаратқанға құлшылық ететін көрінеді," - деді. Мен оны қожайынынан сатып алған соң жолда келе жатқанда ол маған: "Әй, қожайын,”- деді. Мен: "Не бұйырасың?”- деп сұрадым. Ол: “Маған олай демеңіз, қожайын. Ол сөзді құл қожайынына айтады,”— деді. Содан соң ол менен: “Мені сатып алуыңызға не себеп болды? Менің көп жұмысқа жарамайтын әлсіз екенімді көріп тұрсыз ғой,” - деп сұрады. Мен: “Сенің жаңбыр сұраған дұғаңды Алла Тағала қабыл етті. Жаңбыр жауғанын көргеннен кейін көңілім толды. Сені сатып алып, құлдықтан босатамын да, үйлендіремін,”— дедім.
Сол кезде құл жылап жіберді. Менен рұқсат сұрап, намаз оқығысы келетінін айтты. Намазын аяқтаған соң маған келіп: “Ия, Әбу Абдурахман, маған бұйырар нәрсең бар ма? Менің қазір жөнелуім керек,” - деді. Мен одан: “Сен қайда кетпексің?” -деп сұрадым. Ол: “Ақыретке,” - деп жауап берді. Мен: "Сен олай деме. Мен сені үйлендіріп, бақытты өмір сүруің үшін жағдай жасаймын,” - дедім. Сонда ол маған: “Мені мен Алла Тағаланың арасындағы сыр ашылғаннан кейін маған дүние қызық емес. Мен Алла Тағалаға жасырын, оңаша құлшылық етуді қалайтынмын, өйткені жасырын еткен құлшылық — таза ықыласты құлшылық,” - деді. Соны айтып болып, басын жерге қойып, сәжде етті де: “Тәңірім, қазір менің жанымды ал! Тап қазір,” - деді. Оған жақын барғанымда оның жан тапсырғанын байқадым”.
Бұл әңгімеден алынатын ғнбрат: Адамдардың көзінен таса, оңаша жасалған құлшылық - ең ықыласты, кіршіксіз таза құлшылық. Біреу туралы оның сырт келбетіне қарап ой түйме, мүмкін ол Алла Тағалаға ең жақын адамдардан болар.
Араб тілінен аударған: Қ. Садыбаев