Ең үлкен күнәнің бірі - кісі өлтіру. Ал дінді Отанды қорғау үшін болған соғыста ол күнә емес. Осындай жихат соғысында бір батыр жігіт ерлігімен ерекше көзге түсіп, жау әскерін жапырып ұрыс салады. Оны көрген бар мұсылман сүйсініп, елжіреп тұрады. Сол кезде Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. жанындағыларға:
- Мына жігіт тозаққа барады, - дейді. Бәрі аң-таң. О қалай? Дін үшін жан аямай соғысып, кәпірлерді жеңуге үлкен үлес қосып жүрген адам қалайша тозаққа бармақ?
Бір кезде жігіт ауыр жараланады да, жарақат жанына қатты батқасын, шыдамай өзін-өзі өлтіреді.
Оны көрген мұсылмандар қатты өкінеді. Өйткені өзіне қол жұмсап өлгендерге о дүниеде жәннаттан орын жоқ. Қандай өкініш! Тән жарасына сабыр ете алмаған бишараның алдында қандай азаптар күтіп тұр десеңші! Әттең!..
Ал, біздің қоғамда асылып, биік үйден секіріп өліп жатқандар қаншама! Бұ дүниенің қиындығына шыдамаған олар мәңгілік қандай жақсылық көрмек?
Авторы: Пернегүл Үсенова