Алла Тағала Расулаллаға (с.а.с.) былай уахи еткен: «Түнде оянып онымен (Құранмен) нәпіл оқы. Раббың сені мақтаулы орын5а жеткізуі мүмкін» (Исра, 79).
Тәһәжүд — түнде оқылатын намаз. Мүслімнің риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Парыз намаздардан кейінгі ең абзал намаз — түнгі намаз», — деген. Сондай-ақ сол имам Мүслімнің Сахихында Расулалланың (с.а.с.): «Түнгі намазды оқыңдар. Ол — салихалы жандардың әдеті, Раббыларыңмен жақын байланыс, жамандықтарыңды өшіруші әрі күнә істерден тыюшы», — деп өсиет еткен хадисі де бар.
Түнде намаз оқу Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қалдырмайтын әдеті болатын. Бұл туралы Айша анамыз (р.а.) былай деген:
«Пайғамбар (с.а.с.) түнде табаны жарылып кеткенше намаз оқитын. Бірде мен: «Уа, Алланың елшісі! Неге бұлай етесің? Сенің бұрынғы да, кейінгі де күнәларың кешірілмеп пе еді?», — дедім. Сонда Ол (с.а.с.): «Олай болса, шүкірлік етуші пенде болмайын ба?», — деп жауап берді». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен). Расулалла (с.а.с.) басқаларды да түнде намаз оқуға тұрғызып, соған құлшындыратын.
Рәкағат саны: Тәһәжүд намазының азы екі рәкағат, көбі сегіз рәкағат.
Оқылатын уақыты: түннің ортасы, ең абзал уақыты түннің соңғы бөлігі. Яғни таң алдындағы сәрілік уақыты, яғни ораза ұстаушының сәресін ішетін кезі.
Тәһәжүд намазынан соң Алла Тағалаға мадақ, Пайғамбарға (с.а.с) салауат айтып, Зәрят сүресінің «(Олар)Таң сәрілерде жарылқану тілеуші еді» деген 18-аятына амал ретінде жарылқану — истиғфар дұғалары, олардың ішінде әсіресе, жарылқану дұғаларының төресі — сәйидул-истиғфар дұғасын оқыған жөн. Ол дұға төмендегідей:
Оқылуы: «Аллаһумма әнтә рабби лә иләһә иллә әнтә, халақтәни уа әнә ъабдук, уа әнә ъалә ъаһдикә уа уаъдикә мастәтаъту, әъуузу бикә мин шәрри ма санаъту, уа әбуу'у иләйкә биниъмәтикә ъаләййә, уа әбу’у бизәнби фағфирли фаиннәһу лә йағфируз-зунуубә иллә әнтә».
Мағынасы: «Ей, Алла! Сен менің Раббымсың, Сенен өзге Құдай жоқ, Сен мені жараттың және мен Сенің құлыңмын. Күшім жеткенше Сенің сертің мен уәдеңе амал етемін. Өзіңмен істеген жамандықтарымнан сақтанамын. Өзіңе нығметтеріңмен қайтатын боламын және күнәммен бірге қайтамын. Сонда Сен мені кеш, өйткені күнәларды Сенен басқа ешкім де кешіре алмайды».
Пікірлер