Бұл оқиға Омар ибн Хаттабтың халифалық құрып тұрған заманында болған. Бір күні Омар ибн Хаттаб пен хазреті Әли ибн Әбу Талиб басқа да сахабалармен бірге Харам мешітін зиярат етіп жүр еді. Сол кезде олар қартайған, көзі көруден қалған, жүруге әлі жоқ бір қарт әйелді арқалап алған кісіні байқайды. Оның Қағбаны айнала жүріп өз-өзіне: “Ей, Раббым, мен анамды өмір бойы арқалап, көлігі болып өтсем де ештеңем кетпейді. Оның алдындағы қарыздарымның ең құрығанда кейбірін өтесем екен. Әміріңе бойсұндым, ия, Раббым!” — дегенін естиді. Сол кезде Омар ибн Хаттаб қасындағыларға: “Қане, біз де мына тауап етіп жүрген адамдарға қосылып айналайық. Бұл уақыт құлдарына Алланың рахымы мен мейірімі түсетін сәт.
Мүмкін, Алланың рахымы мен кеңшілігі қартайған анасына қызмет етіп жүрген мына кісінің құрметі үшін бізді де қамтыр,” - дейді.
Бұл қиссаның түйіні: Ата-анаға қайырымды бол. Сонда келешекте өз ұл-қыздарың да кейін саған қамқор болады. Ол екеуінің саған разы күйде саған разылығы ақыретте үлкен сауапқа ие етеді. Ол туралы сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: “Жәннат аналардың аяғының астында," - деген.
Араб тілінен аударған: Қ. Садыбаев
Пікірлер